Шрифт өлшемі:

Түс схемасы:

Инновациялар Арал теңізін қалай құтқара алады?

АЛМАТЫ, 8 қазан 2020 ж. — Қазақстан-Неміс университеті онлайн дөңгелек үстел аясында Арал өңіріндегі ағымдағы жағдайға талдау жасап, «Арал теңізі бассейніндегі жерлерді қалпына келтіру саласындағы серпінді және инновациялық технологиялар конкурсы» жобасының тұсаукесерін өткізді.

Іс-шараға ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің, Дүниежүзілік банктің, ҚР ғылыми-зерттеу институттарының, бейінді ұйымдардың, Қазақстанның инспекциялары мен ведомстволарының, жоба нәтижелерін енгізу жоспарланып отырған өңірлер әкімдіктерінің, ҚР жоғары оқу орындарының, жобаны табысты іске асыруға мүдделі өзге де қоғамдық және халықаралық ұйымдардың өкілдерін қоса алғанда, 40-тан астам адам қатысты.

Қатысушылар Арал өңірінде инновациялық технологияларды, әсіресе инновациялар және ақпарат/ мәліметтер алмасу, тұрақты орман шаруашылығы, Ауыл шаруашылығы және жер ресурстарын басқару, әлеуметтік-экономикалық даму бағыттары бойынша енгізудің маңыздылығын атап өтті.

Дөңгелек үстелге қатысушылар Арал теңізі аймағын одан әрі дамыту үшін жоба мақсаттарының маңыздылығы туралы айтты. Олардың бірі атап өткендей: «Жоба өте қызықты. Біз қатысуға қуаныштымыз».

Жақын арада әлеуметтік желілерде Арал теңізі бассейніндегі жерлерді қалпына келтіру саласындағы серпінді және инновациялық технологиялар конкурсына қатысу үшін өтінімдер қабылдаудың басталуы туралы ақпарат жарияланатын болады.

Жобаны Қазақстан-Неміс университеті (DKU) Жаһандық ландшафттар форумымен (GLF) бірлесе Дүниежүзілік Банктің RESILAND CA+ тұрақты ландшафтты қамтамасыз ету жөніндегі Орталық Азия бағдарламасының және Еуропалық Одақ, Швейцария және Ұлыбритания қаржыландыратын Орталық Азия үшін Су-энергетикалық бағдарламаның (CAWEP) қаржылық қолдауымен жүзеге асырады.

Жобаның серіктестері - Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті және Өзбекстан Республикасы Мемлекеттік орман шаруашылығы комитеті.

Жоба бойынша толығырақ ақпаратты мына сілтеме бойынша таба аласыз: academic-waters.org/ru/proekty/konkurs-innovacionnih-technologiy.

Барлық қосымша ақпарат бойынша Балжан Жұмағазинаға хабрласуыңызды сұраймыз, zhumagazina@dku.kz.

Бөлісу