Шрифт өлшемі:

Түс схемасы:

Алматы қаласында Мартин Лютер атындағы Галле-Виттенберг университетінің өкілдігінің ашылуы

ҚНУ ҚАБЫРҒАСЫНДА МАРТИН ЛЮТЕР АТЫНДАҒЫ ГАЛЛЕ-ВИТТЕНБЕРГ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ӨКІЛДІГІНІҢ РЕСМИ АШЫЛУЫНА АРНАЛҒАН ҒЫЛЫМИ КОНФЕРЕНЦИЯ ӨТТІ.

Конференцияға Қазақстанның ғылыми қоғамдастығының, Алматыдағы Германия Республикасының Бас консулдығының, ғылыми және қоғамдық қорлардың өкілдері, сондай-ақ еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының амбассадорлары қатысты. Талқылаудың негізгі тақырыбы Жоғары білім және ғылым секторын дамытудың перспективалы бағыттары шеңберінде білім беру саласындағы уақыттың шақыруы болды.

Өкілдіктің ашылуына орай, Галледегі Мартин Лютер Университетінің профессоры Кристофер Конрад, сондай-ақ, Қазақстан-Неміс Университетінің Халықаралық ынтымақтастық жөніндегі проректоры Барбара Януш-Павлетта құттықтау сөз сөйледі. Барбара өз сөзінде жоғары білім беру саласындағы халықаралық ынтымақтастық Германия мен Қазақстанның мәдениетаралық және мемлекетаралық өзара іс-қимыл шекарасын кеңейтуге мүмкіндік беретінін және біздің еліміздің білім беру секторын дамытуға жақсы әсер ететінін атап өтті. Өз кезегінде, Қазақстан-Неміс Университетінің ғылым жөніндегі проректоры Серік Бейменбетов білім беру жүйесіндегі жоғары білім беру стандарттары жас мамандардың жұмысқа орналасуына және сұранысқа ие болуына кепілдік беретінін атап өтті.

Сонымен қатар, конференция бағдарламасында халықаралық кооперация мен ынтымақтастық негізінде ғылымды дамытудың мақсаттары мен міндеттері кеңінен талқыланды. Атап айтқанда, Ғылым қорының стратегиялық жоспарлау және аналитика департаментінің директоры Елена Шевченко өз сөзінде ғылым және ғылыми қызмет нәтижелерін коммерцияландыру саласындағы халықаралық ынтымақтастықты ілгерілетудің негізгі бағыттарын атап өтті.

Конференция соңында Алматыдағы Мартин Лютер Университеті өкілдігінің директоры Питер Либельт қатысушыларға белсенді пікірталас үшін алғысын білдіріп, жоғары оқу орындары арасындағы жемісті ынтымақтастыққа сенім білдірді. Оның айтуынша, ғылыми ортаның дамуы Қазақстанның білім беру секторына жоғары халықаралық стандарттарға сәйкес келуге және уақыт үрдістеріне сәйкес дамуға мүмкіндік береді.

Бөлісу