Loading...

Ақтауда AKTANTEN жобасының салтанатты ашылу рәсімі өтті

2026 жылғы 14 қыркүйекте Ақтау қаласында AKTANTEN жобасының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Жоба аясында Ақтау қаласындағы Қазақ-Герман тұрақты инженерия институтында (KINI) және Алматыдағы Қазақ-Немiс университетінде (DKU) магистратураның білім беру бағдарламалары бойынша оқу басталды.

AKTANTEN жобасы DKU-дың тікелей қатысуымен Германия және Қазақстан тараптарының серіктестерімен бірлесіп бастамашылық етіліп, әзірленді. Жоба DAAD қолдауымен жүзеге асырылуда және энергетика мен логистика салаларындағы магистрлік бағдарламаларды дамытуға, сондай-ақ DKU, KINI, Yessenov University және Германияның жетекші жоғары оқу орындары арасындағы ғылыми және академиялық ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған. Жобаның Германиядағы серіктестері қатарында Гамбург қолданбалы ғылымдар университеті, Берлин техникалық университеті, Дармштадт техникалық университеті және Вильдау техникалық университеті бар.

Ақтау қаласында өткен жобаның салтанатты ашылу рәсіміне DKU Президенті профессор, доктор Волрад Роммель және DKU-дың халықаралық қатынастар жөніндегі вице-президенті, доктор Асхат Жилқайдаров қатысты.

2026 жылы AKTANTEN жобасы аясында DKU-дың «Логистика» магистрлік білім беру бағдарламасына 16 магистрант қабылданды.

Жобаның басты ерекшеліктерінің бірі – оқытушылар құрамының халықаралық деңгейде қалыптасуы. Білім беру бағдарламаларын іске асыруға Қазақстан мен Германиядан профессорлар, оқытушылар және сарапшылар қатысады. Бұл екі елдің академиялық және практикалық тәжірибесін ұштастыруға, энергетика және логистика салаларындағы заманауи тәсілдерді оқу үдерісіне енгізуге, сондай-ақ магистранттарға халықаралық кәсіби орта талаптарына сәйкес келетін білім мен құзыреттерді ұсынуға мүмкіндік береді.

AKTANTEN жобасының маңызды құрамдас бөлігі – академиялық ұтқырлық. Жобаның үздік магистранттарына Германиядағы серіктес университеттердің бірінде бір семестр білім алу мүмкіндігі беріледі. Бұл оларға оқуын халықаралық академиялық ортада жалғастырып, Германияның білім беру және ғылыми кеңістігіне тікелей қол жеткізуге мүмкіндік береді.

DKU үшін жобаға қатысу магистрлік бағдарламаларды дамытумен ғана шектелмейді. Сонымен қатар бұл Қазақстан мен Германия арасындағы академиялық көпір ретіндегі университеттің рөлін одан әрі нығайтып, екі елдің студенттерін, оқытушыларын, ғалымдарын және серіктес ұйымдарын байланыстыруға мүмкіндік береді.