Loading...

«Ақтау Диалог 2025»: Қазақстан мен Германия ғалымдары жасыл технологиялар мен Каспийдің болашағын талқылады

Yessenov University-де Қазақстан мен Германиядан келген ғалымдар, билік және бизнес өкілдерін біріктірген «Ақтау Диалог: Green Hydrogen 2025» атты халықаралық конференция өтті.

Іс-шараны Қазақ-Неміс Тұрақты Инжиниринг Институты (KINI), Қазақстан-Неміс Университеті (DKU) және Ш. Есенов атындағы университет ұйымдастырды.

Үш күндік форумның негізгі тақырыптары — Каспий теңізінің экологиясы, жасыл сутегі технологияларын дамыту және екі ел арасындағы академиялық әріптестікті нығайту болды.

Ашылу және құттықтау сөздері

Конференцияның бірінші күні салтанатты түрде ашылды. Қатысушыларды DKU президенті профессор Волрад Роммель, Yessenov University вице-президенті Сейдалиев Аскар, ҚР ҰҒА вице-президенті Дидар Батрышев, Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Абат Жәңгіpханұлы және Hyrasia Energy директорының орынбасары Айнұр Тұмышева құттықтады. Олар ғылыми ынтымақтастық пен тұрақты технологияларды енгізудің маңыздылығын атап өтіп, DKU мен YU бірлесіп құрған KINI платформасының қос дипломдық бағдарламаларды дамытудағы рөлін ерекше атап өтті.

Екінші күн: экология және жасыл энергетика

Форумның екінші күні Каспий теңізінің экологиясы мен жасыл сутегі технологияларына арналды. Ғалымдар мен сарапшылар климаттың өзгеруі, биоалуантүрлілікті сақтау және энергетикалық сектордың трансформациясы бойынша зерттеулерін ұсынды. Баяндамашылар арасында Dr. Sebastian Timmerberg (Гамбург қолданбалы ғылымдар университеті), Prof. Dr. Tobias Plessing (Хоф қолданбалы ғылымдар университеті) және Manuel Andresh (H2 DIPLO кеңсесі, Астана) болды. Күннің ресми ашылуында Германия елшісінің орынбасары Ульрих Кинне мырза және DKU президенті проф. Волрад Роммель сөз сөйледі.

Үшінші күн: білім беру ынтымақтастығы

Форумның соңғы күні — «Білім беру диалогы күні» болып өтті. KINI институтының серіктестері жаңа бірлескен бағдарламаларды, академиялық ұтқырлықты және студенттерге арналған тағылымдамаларды талқылады. Неміс университеттерінің өкілдерімен ашық кездесу студенттерге идеялармен алмасуға және болашақ бастамаларды жоспарлауға мүмкіндік берді.

Халықаралық әріптестік іс жүзінде

«Ақтау Диалог 2025» ғылыми алаң ғана емес, Қазақстан мен Германия арасындағы тұрақты ынтымақтастықтың нышанына айналды. Бұл іс-шара академиялық байланыстарды нығайтып, жасыл технологиялардың дамуын қолдап, ғылым, энергетика және білім беру салаларындағы жаңа бірлескен жобаларға серпін берді.