DKU президенті профессор Волрад Роммель «Достық» орденінің II дәрежесімен марапатталды.
Бұл орден қоғамда өзара келісімді сақтау, халықтар арасындағы бейбітшілік, достық және ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі еңбегі үшін азаматтарға табысталады.
Марапаттау рәсімі 12 ақпанда Германиядағы Қазақстан Республикасының Елшілігінде өтті. Сол күні «Қазақстан-Германия жоғары және кәсіби білім саласындағы ынтымақтастығы: қазіргі жағдайы мен келешегі» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Іс-шараға салалық министрліктердің өкілдері, Германияның білім және ғылым ұйымдарының мамандары, сондай-ақ дуальды және кәсіби-техникалық білім беру саласының сарапшылары қатысты.
Профессор Роммель Қазақстан мен Германия арасындағы академиялық әріптестіктің маңыздылығын атап өтті. Дөңгелек үстел барысында бірлескен жобалардың келешегі мен білім беру саласындағы ынтымақтастықты дамыту бағыттары талқыланды.
Профессор Роммельді марапатымен шын жүректен құттықтаймыз! Оған жаңа жетістіктер, бірлескен бастамаларды табысты жүзеге асыруда сәттілік және университетіміз бен қазақстан-германдық серіктестікті нығайту жолында жемісті еңбек тілейміз!