2026 жылғы 19–20 қарашада Қазақстан-Неміс университетінде (DKU) Ханнс Зайдель қорының қолдауымен Орталық Азиядағы су және жер ресурстары, энергетика мен биоалуантүрліліктің өзара байланысына арналған халықаралық Nexus Forum өтті.
Форумға ғалымдар, университеттер мен халықаралық ұйымдардың өкілдері, экология және орнықты даму саласындағы сарапшылар, сондай-ақ Қазақстан мен Орталық Азия елдерінің бейінді мекемелерінің өкілдері қатысты.
Nexus бастамасын дамытуға ерекше мән беретін DKU президенті, профессор Волрад Роммель форумды құттықтау сөзімен өзі ашып, «Nexus және климаттың өзгеруі» тақырыбындағы панельдік пікірталасты да жүргізді.
Форумға қатысушылар мен спикерлер қатарында:
Бірінші күннің негізгі оқиғаларының бірі «Nexus және климаттың өзгеруі» тақырыбындағы панельдік пікірталас болды. Қатысушылар климаттың өзгеруінің өңірдің табиғи ресурстарына әсерін, су ресурстарының орнықтылығы мәселелерін және экологиялық проблемаларды шешуде кешенді тәсілді қолдану қажеттілігін талқылады.
Екінші панельдік пікірталас Nexus тәсілі мен Орталық Азиядағы жерді пайдалану арасындағы өзара байланысқа арналды. World Café интерактивті сессиясы барысында қатысушылар тәжірибе алмасып, төрт негізгі бағытты талқылады: су ресурстарының орнықтылығы, ауыл шаруашылығы және жерді пайдалану, энергетикалық қауіпсіздік, биоалуантүрлілік және экожүйелер.
Форумның екінші күні қатар өткізілген екі сарапшылық семинар форматында өтті. Профессор Волрад Роммель жетекшілік еткен бірінші жұмыс тобы су ресурстарын басқару саласындағы бірлескен білім беру бағдарламасының тұжырымдамасын әзірлеуге назар аударды. Орталық Азия университеттерінің өкілдері болашақ бағдарламаның құрылымын, түлектердің негізгі құзыреттерін, оқу модульдерін өзара тану мүмкіндіктерін және қос диплом беретін магистратура бағдарламасын құру перспективаларын талқылады.
DKU Табиғи ресурстар және орнықты даму орталығының ғылыми директоры, доктор Юлия Ефремова жетекшілік еткен екінші жұмыс тобы биоалуантүрлілікті сақтау және Алматы апортының өңірдің бірегей табиғи әрі мәдени ресурсы ретіндегі әлеуетін дамыту мәселелерімен айналысты. Талқылаудың негізгі тақырыптары жергілікті табиғи ресурстар негізінде қосылған құн қалыптастыру мүмкіндіктері, алма бақтары мен экожүйелерді сақтау, сондай-ақ бірлескен ғылыми жобаларды әзірлеу және оларды қаржыландыру перспективалары болды.
Форум өңірлік ғылыми және білім беру саласындағы ынтымақтастықты дамыту жолындағы маңызды қадам болды. Жұмыс кездесулерінің қорытындысы бойынша қатысушылар алдағы бірлескен қызметтің негізгі бағыттарын айқындады. Олардың қатарында білім беру бағдарламаларын әзірлеу, ғылыми жобаларды дайындау және оларды жүзеге асыру мүмкіндіктерін іздестіру бар.
Nexus Forum өткізу Қазақстан-Неміс Nexus институтын дамыту жөніндегі жұмыстың жалғасы болып табылады. Бұл – DKU, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясы және KazNARU-дың Ханнс Зайдель қорының қолдауымен жүзеге асырылып жатқан бірлескен ғылыми-білім беру бастамасы.
Су, жер, энергия және биоалуантүрліліктің өзара тығыз байланысын түсіну Nexus тәсілінің негізін құрайды. Қазіргі экологиялық және климаттық сын-қатерлерді шешу пәнаралық өзара іс-қимылды, ғылыми әлеуетті біріктіруді, сондай-ақ білім беру мекемелерінің, мемлекеттік құрылымдар мен халықаралық серіктестердің бірлескен күш-жігерін талап етеді.