Қазақстан-Неміс университетінде (DKU) «Бір-бірімізді танып-білу: қазақстандықтарға арналған қытай тілі» атты оқу-әдістемелік құралдың таныстырылымы өтті, сондай-ақ «Қазақстан мен Қытай: мәдениетаралық жақындасу мен гуманитарлық ынтымақтастықтың құралдары» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырылды.
Іс-шара DKU жанындағы Халықаралық және өңірлік ынтымақтастық ғылыми-зерттеу институты (ХӨЫҒЗИ), «Лаоши» білім беру орталығы және «Бір белдеу — бір жол» сараптамалық клубының ұйымдастыруымен өтті. Шараның мақсаты — тілдік білім берудің заманауи тәсілдерін, мәдениетаралық коммуникацияны және Қазақстан мен Қытай арасындағы гуманитарлық байланыстарды дамыту мәселелерін талқылау болды.
Іс-шара аясында таныстырылған оқу-әдістемелік құрал HSK 3–4 деңгейінде қытай тілін меңгеріп жүрген студенттерге арналған және тілдік даярлықты елтану мен мәдениет материалдарымен ұштастыруымен ерекшеленеді. Басылымның басты ерекшелігі — екіжақты көзқарас: оқу тақырыптары Қытай мен Қазақстанның контекстінде қарастырылып, қытай тілін саналы мәдениетаралық диалог құралы ретінде пайдалануға мүмкіндік береді.
Іс-шара барысында Қазақстан мен Қытай арасындағы гуманитарлық ынтымақтастық пен мәдениетаралық жақындасу мәселелеріне арналған дөңгелек үстел өтті. Қатысушылар халықаралық білім беру алмасу жүйесіндегі тілдік білімнің маңызын, ел бейнесін қалыптастырудағы оқу материалдарының рөлін және мәдениетаралық коммуникацияның қазіргі заманғы сын-қатерлерін талқылады.
Іс-шараға білім беру және сараптамалық қауымдастық өкілдері, оқу құралының авторлары, сондай-ақ Қытай Халық Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулдығының өкілдері қатысты.
Кездесу қорытындысы бойынша Қазақстан мен Қытай арасындағы гуманитарлық диалогты нығайтуға бағытталған білім беру және мәдени бастамаларды одан әрі дамыту перспективалары талқыланды.