Loading...

Қазақстан-Неміс университетінде Неміс тілі оқытушыларының Орталық Азия қауымдастығын құру туралы құрылтай шартына қол қойылды

23 қарашада Қазақстан-Неміс университетінде Неміс тілі оқытушыларының Орталық Азия қауымдастығын (ZADV) құру туралы Құрылтай шарты мен Жарғысына қол қою рәсімі өтті. Іс-шараға Германия Федеративтік Республикасының Бас консулы Маттиас Кислер мырза қатысты.

Қауымдастықтың құрылтайшылары ретінде Қазақстанның Неміс тілі оқытушыларының ұлттық қауымдастығы мен Өзбекстанның Неміс тілі оқытушыларының қауымдастығы белгіленді. Құжаттарға екі ұйымның өкілдері — Мереке Танкибаева мен Гүлрух Рахимова қол қойды.

ZADV қауымдастығының құрылуы Алматы қаласында өткен Неміс тілі оқытушыларының Орталық Азиядағы IV форумының қорытындысы бойынша қыркүйек айында қабылданған 2030 жылға дейінгі Жол картасында белгіленген бастамалардың жалғасы болып табылады.

Қазақстан-Неміс университеті аталған ұйымды құру бастамашыларының бірі болды және оның одан әрі дамуына белсенді түрде қолдау көрсетуді көздейді. DKU президенті, профессор Волрад Роммель университеттің Қауымдастықтың қалыптасуы мен алдағы қызметіне қолдау көрсетуге дайын екенін растады. Атап айтқанда, университет қажетті үй-жайлар мен ұйымдастырушылық ресурстар ұсынуға дайын.

Жаңа Қауымдастық өңірлік ынтымақтастықты нығайтуға, неміс тілі оқытушыларының кәсіби қоғамдастығын біріктіруге, бірлескен білім беру жобаларын жүзеге асыруға және неміс тілін Орталық Азияда кеңінен насихаттауға бағытталған. Алдағы уақытта Қырғызстан мен Тәжікстанның неміс тілі оқытушылары қауымдастықтарының да осы ұйымға қосылуы күтілуде.