Loading...

Қазақстан-Неміс университеті Каспий теңізінің болашағына арналған халықаралық конференцияның тең ұйымдастырушысы болды

Қазақстан-Неміс университеті (DKU) Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясымен бірлесіп, «Каспий теңізі: тұрақты даму мәселелері, перспективалары және мүмкіндіктері» атты халықаралық конференция өткізді. Іс-шара Германияның академиялық алмасу қызметінің (DAAD) және Ханнс Зайдель қорының қолдауымен ұйымдастырылып, Қазақстаннан және шетелдерден ғалымдар, сарапшылар, мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдар мен бизнес өкілдерін біріктірді.

Қатысушылар Каспий өңірінің алдында тұрған негізгі мәселелерді, соның ішінде теңіз деңгейінің төмендеуін, климаттың өзгеруін, су ресурстары мен биоалуантүрліліктің жай-күйін, сондай-ақ олардың экологиялық қауіпсіздікке, инфрақұрылымға, энергетикаға және экономикалық дамуға әсерін талқылады.

Қазақстан-Неміс университетінің президенті профессор, доктор Волрад Роммель Каспий өңірінің мәселелерін шешу үшін халықаралық ғылыми сараптаманы біріктірудің маңыздылығын атап өтті.

«Каспий мәселелерін шешу үшін біз тек Қазақстан мен Германиядан ғана емес, түрлі салалардағы халықаралық зерттеушілер мен сарапшыларды біріктіргіміз келеді. Еуропа елдерінің тәжірибесін пайдалана отырып, Каспий маңы мемлекеттері мен Орталық Азия елдерінің ғалымдарын біріктіретін кең ауқымды ғылыми желі құруды жоспарлап отырмыз. Мұндай тәсіл білім мен тәжірибе алмасуға, бірлескен зерттеулерді дамытуға және бүкіл өңірдің ерекшеліктерін ескере отырып, шешімдер әзірлеуге мүмкіндік береді», — деп атап өтті Волрад Роммель.

Конференцияның негізгі тақырыптарының бірі табиғи ресурстарды, энергетиканы, экономиканы және экологиялық тұрақтылықты біртұтас жүйенің өзара байланысты элементтері ретінде қарастыратын «жер – су – энергия – биоалуантүрлілік Nexus» пәнаралық тәсілі болды.

Nexus тәсілін дамыту — DKU қызметінің маңызды бағыттарының бірі. Осы ынтымақтастық аясында Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының басқаруымен Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің (KazNARU) базасында Қазақстан-Неміс NEXUS институты құрылды. Институт Қазақстан-Неміс университеті мен Ханнс Зайдель қорының қатысуымен құрылды.

NEXUS институтының негізгі бағыттарына су ресурстарын басқару және климаттың өзгеруі салаларында мамандар даярлау және зерттеулер жүргізу, сондай-ақ Германия мен Еуропаның тәжірибесін және Орталық Азиядағы трансшекаралық су ресурстарын үйлестіру тетіктерін ескере отырып, су секторын цифрландыруды дамыту кіреді. Конференция барысында ҚР Ұлттық ғылым академиясының су ресурстарын кеңістіктік-уақыттық талдау және басқаруға арналған DeepBas интеллектуалды платформасын құру жөніндегі жұмысы да таныстырылды. Болашақта осындай цифрлық шешімдер Каспий өңірінің мәселелерін шешуде қолданылуы мүмкін.

Конференцияға DKU өкілдері, дипломатиялық корпус, халықаралық қорлар, сондай-ақ Қазақстан, Германия, Ресей, Қытай, Әзербайжан, Финляндия және басқа да елдерден сарапшылар қатысты. Келесі кезеңде практикалық воркшоп өткізіліп, оның қорытындысы бойынша Каспий теңізінің экожүйесін сақтау және қалпына келтіру жөніндегі ұсынымдар қамтылған талдамалық жазба әзірлеу жоспарланып отыр.

Конференция DKU-дың халықаралық серіктестігін дамытудағы және университеттің су қауіпсіздігі, климаттық тұрақтылық және Орталық Азияның тұрақты дамуы салаларындағы ғылыми-білім беру бастамаларындағы рөлін күшейтудегі кезекті қадам болды.