1 маусымда Берлин қаласында Қазақстан Республикасының Германиядағы Елшілігінде Хоф қолданбалы ғылымдар университетінің (Hof University of Applied Sciences) Ақтау қаласындағы Yessenov University базасында құрылған Қазақстан-Неміс тұрақты инженерия институтының (KINI) құрылтайшылары қатарына қосылуы туралы келісімге қол қоюдың ресми рәсімі өтті.
KINI институтының құрылтайшыларының бірі болып табылатын Қазақстан-Неміс университеті (DKU) үшін бұл оқиға қазақстандық-германдық академиялық ынтымақтастықты дамытудағы және инженерлік білім беру саласындағы халықаралық білім беру экожүйесін нығайтудағы маңызды кезең болды.
Келісімге қол қою рәсіміне Қазақстан-Неміс университетінің президенті профессор Вольрад Роммель, DKU халықаралық ынтымақтастық жөніндегі вице-президентіАсхат Жілқайдаров, Hof University of Applied Sciences президенті профессор Юрген Леманн, Yessenov University ректоры профессор Берік Ахметов, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Германиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Нұрлан Онжанов қатысты.
Hof University университетінің KINI құрылтайшылары қатарына қосылуы институт дамуының жаңа кезеңін білдіреді және бірлескен ғылыми зерттеулерді жүзеге асыруға, академиялық ұтқырлықты кеңейтуге, сондай-ақ тұрақты инженерия саласындағы жаңа халықаралық бастамаларды іске қосуға мүмкіндік береді.
Бұл оқиғаның DKU үшін ерекше маңызы бар, өйткені университет Hof University-мен табысты ынтымақтастық орнатқан. Қазіргі уақытта университеттер арасында Mechatronics және Computer Science бағыттары бойынша қос диплом бағдарламалары жүзеге асырылуда. Бұл бағдарламалар студенттерге халықаралық білім алып, екі университеттің дипломдарын иеленуге мүмкіндік береді.
KINI құрылтайшыларының бірі ретінде DKU Қазақстан мен Германия арасындағы академиялық байланыстарды нығайтуға үлес қосып келеді. Hof University-дің құрылтайшылар құрамына енуі институттың халықаралық әлеуетін арттырып, еңбек нарығында сұранысқа ие инженер мамандарды даярлауға қосымша мүмкіндіктер жасайды.
DKU Hof University, Yessenov University және басқа да серіктестермен одан әрі ынтымақтастық Қазақстандағы ғылымның, инновациялардың және инженерлік білім берудің дамуына ықпал етеді деп сенеді.